Сот жүйесіндегі оң өзгерістер – ел басшылығы айқындаған реформалар нәтижесі
Еліміздің сот жүйесіндегі реформалардың бастауында мемлекетіміздің негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны баршамызға белгілі.
Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, судьялар съездерінде берген тапсырмалары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары, Мемлекет басшысының Жолдаулары республика сот жүйесін жаңа арнаға салды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан екі жыл бұрын өзінің ант беру рәсімінде айтқандай, сабақтастықты сақтай отырып, Елбасының бастамаларын одан әрі дамытып, іске асырып келеді. Бұған бар білімім мен күш-жігерімді сот жүйесіне арнаған кәсіби заңгер ретінде көз жеткізіп келемін.
Заңгерлік тәжірибемізді отставкаға шыққаннан кейін де мүмкіндігінше пайдаланып, жас заңгерлерге ақыл-кеңес беріп, сот жүйесіндегі бастамаларға үн қосып отыруды жөн көрдік. Осы мақсатта Жоғарғы Соттың отставкадағы судьяларының бастамасымен «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігін құрып, жұмыс істеп жүрміз. Бұл – коммерциялық емес дербес ұйым.
Біз азаматтарды және заңды тұлғаларды қабылдап, сұрақтарына жауап береміз, олардың араларында туындаған дауларды арбитраж, медиация арқылы шешу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Осылайша, соттарға түсірілетін арыздар мен шағымдарды азайтып, соттардың жұмыстарын жеңілдетуге ұмтыламыз. Сонымен қатар сот жүйесін дамыту үшін басқа да жолдар мен әдістемелерді іздестіреміз. Судьялардың әлеуметтік мәселелерін шешу мүмкіндіктерін де қарастырамыз. Мәселен, өзімізді толғандырып жүрген өткір мәселелер мен сот жүйесіне, қоғамда заңдылықты сақтау, пандемия кезеңіндегі қаржы-қаражат саясатына қатысты ұсыныс-пікірлерді білдіріп, Мемлекет басшысына арнайы хат жолдадық.
Мемлекет басшысы қолдау білдіріп қол қойған жаңа заңдарға келсек, өткен жылы 10 маусымда Азаматтық процестік кодекске түзетулер енгізілді. Егер бұрын судьяның азаматтық процестегі рөлі шектеулі болып келсе, енді ол өзгерді. Судьяның процестегі белсенділігі артты, жауапкершілігі күшейді. Судьяны талап-арыз қыспағынан шығармайтын шектеулер келмеске кетті. Судья істің шынайы мән-жайын анықтау үшін қосымша дәлелдемелерді сұратуға құқылы. Өз бетінше ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылып, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз ойын батыл айта алады. Ол үшін заң қажетті өкілеттік беріп отыр.
2020 жылғы 29 маусымда қол қойылған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес сотқа талап-арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті. Міне, осы заң 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұған дейін сот жүйесінде азаматтар тарапынан мемлекеттік органдарға қарсы талап бойынша талапкер өз шағымын дәлелдеуге міндетті болды. Судья процесте тыңдайтын. Мемлекеттік органдардың сот шешімдерін орындауы, шыны керек, нашар жүргізілетін. Енді заң бойынша 1 шілдеден бастап мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы күшіне енеді, бұл дегеніңіз, мемлекеттік органдар өз уәждерін дәлелдеуі тиіс. Судья талапкердің мүддесі үшін белсенділік көрсетуге құқылы. Сондай-ақ судья шешімнің орындалуын бақылайды әрі орындамағаны үшін мемлекеттік органның басшысына айыппұл салуға да құқы бар.
Президент тапсырмасымен судьялар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар жүріп жатыр. Оны қоғам сезіне бастады. Соңғы уақытта судьялардың парамен ұсталу фактілерінің орын алуы осыны айғақтайды. Осы арада бұл мәселені қоғамға судья көзқарасымен түсіндіріп өткім келеді. Өйткені оның «сырын» былайғы жұрт көп байқай бермейді. «Судья парамен ұсталды» десе болды, жерден жеті қоян тапқандай, Жоғарғы Сот басшылығын, не жалпы судьялар қауымын қаралап жатады. Шын мәнінде солай ма? Жоқ, мүлде олай емес.
Біріншіден, сот – классикалық стильдегі мемлекеттік орган емес. Шешімді судьяның өзі дайындайды және өзі шығарады. Осы орайда оның кеше ғана судья болғаны немесе 20 жылдық жұмыс өтілінің бар-жоқтығы маңызды емес. Айталық, шенеуніктің қатесін тез арада, айғай-шусыз түзетуге болады және бұл туралы сырттан біреулердің, яғни көпшіліктің білуі екіталай. Ал судьяның қателігін жоғары тұрған орган ғана түзетуге құқылы. Мұның өзі әрдайым ашық жағдайда өтеді және бірден іске аспайды. Оған кем дегенде бір айдан астам уақыт өтеді. Яғни шенеунік пен судьяның қателіктерінің салдары – жер мен көктей. Екіншіден, соттар кадр мәселелерінен шеттетілген. Сот кадрларын іріктеумен сот төрағалары емес, мүлдем басқа орган – Жоғары сот Кеңесі айналысады. Кеңес жұмыстан босату немесе жаза беру мәселелерін де шешеді.
Елбасы мен Мемлекет басшысының Жоғарғы соттың басшылығына берген нақты бағыт-бағдарынан кейін судьялыққа білікті мамандарды тартуға жол ашылды
М.Газезова
Ақмола гарнизоны әскери
сотының сот приставы