ШҚО-ДА МҮЛІК ИЕЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІГІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулер биылғы қаңтар айынан бастап күшіне енді. Ендігі кезекте пәтер иелері кооперативтері (ПИК) орнына жаңа ұйым құрылады. Аталған жаңашылдық «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципіне негізделген.
Меншік иелерінің бірлестігін мемлекеттік тіркеу және оның тиімді атқаратын қызметі туралы «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен эфирде ШҚО Әділет Департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Сержан Мұхамеджанов айтып берді.
— Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Аталған Заң ағымдағы жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енді. Заңда ТКШ-ны басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған. Ең басты қағида: бір үй – бір бірлестік – бір есепшот. Әрбір көппәтерлі үйдің тұрғындары арнайы жиналыста бірлестік немесе қарапайым серіктестік құру туралы шешім қабылдайды. Меншік иелерінің бірлестігі – заңды тұлға ретінде коммерциялық емес болып табылатын ұйым. Ол тұрғындардың өз ішінен құрылады. Тұрғындар жиналысында үш жыл мерзімге көппәтерлі тұрғын үй кеңесі және ревизиялық комиссия сайланады. Сондай-ақ бір жыл мерзімге бірлестік төрағасы белгіленеді. Заң күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде көппәтерлі тұрғын үй иелері жиналыс өткізулері тиіс. Жиналысқа тұрғындардың кемінде 51%-ның қатысуы міндетті. Яғни тұрғын үйде 100 пәтер бар деп есептесек, жиналысқа кемінде 51 пәтер иесі қатысуы керек және қабылданған шешімді кемі 26 меншік иесі қолдауы тиіс. Жоғарыда айтып өткенімдей, жиналыста үй кеңесі, ревизиялық комиссия, бірлестік төрағасы және басқару формасы анықталады,-дейді Сержан Мұхамеджанов.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалпы 6 меншік иелеренің бірлестігі құжат тапсырған, алайда олардың қолданыстағы заңға құжаттары сәйкес келмегендіктен, тіркеуден бас тартылды. Кеше құжаттары қолданыстағы заңға сәйкес келетін алғашқы меншік иелерінің бірлестігі құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Оның атауы «Астана көшесі, 6» меншік иелерінің бірлестігі деп аталады.
Сонымен қатар, Сержан Мұхтаров пәтер иелері кооперативтері бойынша мәселеге тоқталды:
— Пәтер иелері кооперативтері бір күн ішінде жабылып қалмайды. Пәтер иелері алдындағы міндеттерін қанағаттанарлық дәрежеде атқарған, тұрғындардың көңілінен шыққан пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Бірақ ол кооперативтер 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жұмыс істейді. Ал одан кейін бұл кооперативтер басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қайта құрылып, қызметін жалғастыра алады.